Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті — 1992 жылы Қазақстан мен Түркия республикаларының ортақ ерік-жігері және көреген пайымымен құрылған Түркі әлемінің тұңғыш халықаралық бірлескен жоғары оқу орны. Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ғасырлар тереңінен бүгінге жол тартқан хикмет, парасаттылық және бауырластық ілімі университетіміздің ғылыми баспа қызметі мен академиялық миссиясына әрдайым шамшырақ болып келеді.
Қожа Ахмет Ясауи университеті ретінде оқу-тәрбие және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар, ширек ғасырдан астам тарихы бар институционалдық тәжірибемізге сүйене отырып, Түркі әлемінің терең тарихын, рухани және өркениеттік қазынасын, бай тіл мен әдебиет мұрасын, дүниетанымы мен әлеуметтік-экономикалық дамуын хаттаған баспа ісіне аса зор мән береміз. Қатаң сараптамалық және редакциялық сүзгіден өткен әрбір еңбегіміз ортақ өркениет кеңістігіміздің зияткерлік жадына қосылған өлшеусіз үлес болып табылады; ғылыми ізденістерге сенімді дереккөз ұсынып, академиялық қауымдастықтың көкжиегін кеңейтеді; бауырлас елдер арасындағы мәдени байланыстарды бекемдей түседі.
Өткеннің өнегелі тарихынан шабыт ала отырып, Түркі дүниесінің ортақ құндылықтарын, ғылыми әлеуеті мен мәдени байлығын халықаралық стандарттар деңгейінде болашаққа жеткізуді негізгі борышымыз деп білеміз. Әлемнің әр түкпіріндегі ғалымдар мен зерттеушілердің басын ортақ мүддеде тоғыстырған басылымдарымыз түркі халықтары арасындағы рухани көпірлерді нығайтып, жас ұрпаққа жол көрсетер бай білім мұрасын құрайды және Түркі әлемінде «тілде, пікірде, істе бірлік» мұратын көздейді.
Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған бұл каталог — Ясауи мұрасы мен Түркі әлеміне қатысты іргелі анықтамалықтардан бастап (45 кітап), сөздіктерді (4 сөздік), халықаралық конгресс және симпозиум материалдарын (20 кітап), талдамалық баяндамаларды (32 баяндама) және халықаралық беделді «bilig» журналы мен өзге де ғылыми рецензияланған журналдарымызды (13 журнал) біріктіретін бес негізгі санаттағы 115 таңдаулы басылымды қамтиды. Оқырмандар QR кодтар арқылы шығармалардың сандық төлқұжатына оңай қол жеткізіп, оқи алады және жүктеп ала алады. Басылымдарымыздың барша ізденушілерге пайдалы болып, тың ғылыми көкжиектер ашуына тілектестік білдіре отырып, зор құрметімді білдіремін.